Басты бет / Жаңалықтар / Ғылыми жоба аясында педагогикалық коворкинг ұйымдастырылды

Ғылыми жоба аясында педагогикалық коворкинг ұйымдастырылды

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті  «Педагогика» кафедрасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық гранттық қаржыландыру бойынша АР19680242 «Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту аясында  жоғары оқу орындарының  коллаборативті  цифрлы білім беру ортасын құру»  атты жоба аясында Жоба жетекшісі Клара Жайдарбекқызы болашақ педагогтерге және жас ғалымдарға арналған «Заманауи  жас  ғалымның ғылыми-зерттеу  жұмысы:  цифрлы коллаборация» тақырында  ПЕДАГОГИКАЛЫҚ  КОВОРКИНГ өткізді.

Педагогикалық коворкинг ҚР-да ЖОО-ның коллаборативті  цифрлы білім беру ортасын құру арқылы болашақ педагогтердің, жас  ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылықтарын ояту, цифрлы құзыреттіліктерін қалыптастыруды мақсат тұтты. 

Педагогикалық  коворкингке  Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының  «Tech Tribe» командасы (Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Галия Берденқызы  Ерманова), Тараз қаласындағы 125 High School  мектебінен «125 High School» командасы (Ғылыми жетекшісі: оқытушы Аксауле Еркінқызы Каримбекова),   М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен 2 команда –  Математика мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламасымен  білім алып жатқан М-23,3-5 топтарынан құрылған «Smart-pedagog»   командасы (Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Сауле Жақыпқызы Бупетаева), Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламасымен білім алып жатқан Кя-23,1 тобынан құрылған «Креатив» командасы (Ғылыми жетекшісі:п.ғ.к., доцент Лесеул Нүсіпқұлқызы Ибраимова) қатысты.

1-педагогикалық  коворкингте  командалар  «Цифрлы  педагог»,  «цифрлы платформа», «цифрлық құзыреттілік», «цифрлы коллаборация», «ғылыми- зерттеу жұмысы», «ғылыми жоба» ұғымдарының мәнін ашып көрсетті.

2-педагогикалық  коворкингте  командалар  цифрлы педагогтің  коллаборативті ортада цифрлы-құзыреттіліктерін қалыптастыру жолдарын жолдарын ашып көрсетті, ең тиімді  цифрлы платформалардың  артықшылықтары және мүмкіндіктерін айқындады.

3-педагогикалық коворкингте  «Ең тиімді  цифрлы платформалар: артықшылықтары  және мүмкіндіктері. ЭВРИКА! «МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ  ҒЫЛЫМИ ЖОБАМ»   тақырыбында  әрбір   команда ғылыми- зерттеу жұмыстарын орындауға  қажетті педагогикалық шарттарын айқындап, өздерінің алғашқы ғылыми жобаларын ұсынып, көпшілік талқысынан өткізді. Әрбір команда  ұсынылған инновациялық жобаны  «Ақылдың 6 қақпағы» әдісімен  ғылыми жобаның белгі жақтарын анықтап, қажетті ақпаратты ала алды, жобаның оң жақтарын – ұтымды тұстарын айқындап, теріс – кемшіл тұстарын зерделеп, болашаққа  болжам жасап, инновациялық идея ұсынып, креативтілік таныта алды.

Білімді брендке, тәрбиені трендке айналдырған  Тараз қаласындағы 125 High School  мектебінің  «125 High School» командасы педагогикалық  коворкингте  үздік деп танылды,  1-дәрежелі дипломмен марапатталды.

Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының  «Tech Tribe» командасы Canva платформасының артықшылықтары және мүмкіндіктерін ашып, пайдалану жолдарын ұтымды көрсете алды және  жүлделі 2-орынды иеленді.

Көркем  әдеби шығармаларды тереңдетіп меңгеруге  көмектесетін «Әдеби  Life Kbect» инновациялық жобасын - авторлық платформасын  ұсынған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Креатив» және «Smart - pedagog»  командалары жүлделі  3-орынды иеленді.

Биыл туылғанына  125 жыл толып отырған Қазақстаннан шыққан тұңғыш академик  Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «Адам баласына анық адам атын кигізетін адамдарды оқытушы деп атайды. Оқытушы ол заманда бізге ғана болып отырған емес, әр дәуірдің, әр елдің, өз тұрмысына, біліміне қарай оқытушылары болған. Бұл заманның оқытушыларын өткен заманның оқытушыларымен салыстыруға болмайды. Өмір ілгері басқан сайын  білім де ілгері басуда. Онымен бірге оқытушы да ілгері баспақ. Білім жүзінде үздік, ілгері дамыған жұрттың оқытушылары да ілгері, өнерлі, әдісті. Мұндай жұртта оқытушыларын басқадан артық құрметтейді. Тек оқытушылар өз аттарын қадірлей біліп, қиындыққа  шыдаса. Сонда ғана  ынтасы  мен  талабы жанбақ,  қалаған биігіне жетпек» – деп атап өткендей, педагогикалық коворкинг оған  қатысушыларды  цифрлық платформаларды және  инновациялық ғылыми жобаларды өмірге әкелу әрбір оқытушының міндеті екенін ұғындырды.

Педагогикалық коворкингке қатысушылар өз білімдерін толықтырып, үлкен әсермен қайтты.

Клара БУЗАУБАКОВА

Тараз өңірлік университеті

«Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., Жоба жетекшісі